АСТАНА ҚАЛАСЫ №9 «ЗЕРДЕ» МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕБІ

Robozerde 2024

2005 жылғы 1 қыркүйекте Астана қаласы әкімшілігінің қолдауымен Елордада дарынды балаларға арналған мектеп ашылды. Еңселі Елордамызбен қарыштап өркениетке қадам басып келе жатқан «Зерде» мектебі — 18 жылдық тарихында елдегі білім деңгейін көтеруде бірден — бір дараланған білім ордасы. «Зерде»- осы Елордадағы дарынды балаларға арналып ашылған алғашқы мектеп. Мектептің миссиясы: Дарынды балалардың арнайы интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін анықтау және жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау.

Мектептің негізгі бағыты – математика, физика пәндерін тереңдетіп оқыту. Мектепте 7-11 сынып оқушылары білім алады. Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту бойынша пилоттық мектеп жобасына кірді. Мектеп бағытына орай физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуға бағыттап, аталған пәндер ағылшын, қазақ тілінде (қос тілде) және пәндік терминологияны кезең-кезеңмен оқыту арқылы (CLIL әдіснамасы) пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдістемесі қолданылып оқытылуда. Бүгінгі таңда №9 «Зерде» мамандандырылған мектебі республикаға танымал, білім мекемелері арасында алдыңғы қатарда көрініп отырған оқу ордасы.

2005-2023 оқу жылдары аралығында мектебімізден білім алған 539 түлектің 108-сы «Алтын белгіге» бітіріп, 77-і дүниежүзінің беделді университеттеріне, Қазақстанның ЖОО-на 377 түлегіміз оқуға түсті. Мектеп тарихында 122 оқушы Назарбаев Университетінің грантын иеленді. Республикалық пән олимпиадасына, ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздары қатысқан оқушылардың 50%-ы жүлделі орындарға ие болды. Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарысында да жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Cонымен қатар мектеп оқушылары Халықаралық Жәутіков, Батыс-Қытай математикалық, «Туймаада-2107», Иран олимпиадасы, Азия-Тынық мұхит олимпиадасы, «Жібек жолы» олимпиадасы, Халықаралық EGMO қыздар олимпиадасының жүлдегерлері атанды.

Мектеп білім алушыларының ағылшын тілі пәнінен алып жатқан білімдері сапалы екендігін атап айтуға болады. Жыл сайын IELTS және SAT емтихандарын тапсырудағы және түлектердің Назарбаев Университетінің грантын иеленудегі саны артуда.

2021-2022 оқу жылындағы мектеп жетістіктеріне тоқталсақ: 2022 жылы сәуірде жасалған — Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысында 100 мектеп рейтингісінде «50 үздік олимпиадалық мектеп» қатарына енсе, 2022 жылы маусымда жасалған- «Астана дарыны» ДДжПС орталығының мониторингісіне сәйкес «Ең үздік олимпиадалық мектеп» номинациясы бойынша елордалық үздік 10 мектеп қатарында болды.

Мектепте домбыра, вокал, спорт, робототехника үйірмелері жұмыс жасайды. Мектеп оқушылары роботехникадан бірнеше мәрте республикалық жарыстарда жүлдегер атанды. 2022-2023 оқу жылы қараша айында VІІ Халықаралық «Robolаnd – 2022» фестивалінен 1-ші орын иеленді.

Дарынды балалар – ұлт мақтанышы, оларды қолдау, дамыту әр педагогтің алдында тұрған міндет деп білеміз. Мектеп мәртебесі жұмысқа қабілетті, шығармашыл, біліктілігі жоғары деңгейдегі өз ісінің шебері ұстаздардың еңбегімен қалыптасып келеді.