Мақсұт Әлихан Серікзатұлы (2006-2023) – 2006 жылы 20 шілдеде Астана қаласында дүниеге келді. Филология және журналистика саласы бойынша ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанға белгілі ақын Серікзат Мақсұтұлы Дүйсенғазы және техника саласы бойынша ғалым-ұстаз Айнұр Қазтайқызы Тасболаттың зиялы отбасында өсіп, білім-ғылым, ұлттық дәстүр мен мәдениет бағытында жақсы тәлім-тәрбие алды.
Сәби күнінен ертегі кітаптарды, балаларға арналған энциклопедияларды оқуға, конструкторлық ойындар құрастыруға құмар болып өсті. Оны байқаған ата-анасы бөлмесіне шағын кітапханасын жасақтап, балаларға арналған жаңа кітаптарды сатып әперіп отырды. Әлихан үш жасында Астана қаласындағы №16 «Шағала» балабақшасына барды. Балабақшада өзін үлгілі бала ретінде көрсетіп, әртүрлі сайыстарға қатысып бірнеше мәрте бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. 2010 жылы 7 мамыр Отан қорғаушылары күніне орай балабақшада өткен «Біз Отанның сарбаздары» сайысына әкесі С.Дүйсенғазымен бірге қатысып, «Патриоттар отбасы» атағын жеңіп алды. 2011 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 15 жылдығына орай университет оқытушыларының 2-5 жас аралығындағы балалары арасында өткен «Менің университетім — менің болашағым» атты сурет байқауында 1 орынды иеленді.
2012 жылы Астана қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейге бірінші сыныптың табалдырығын аттады. Осы мектептің бастауыш сыныбынан бастап үздік оқыған Әлихан 2015 жылы математика пәні бойынша Мәскеу қаласындағы «Шын-Олимп» ЖШС және «Математикалық білім мен ағартуды қолдау қоры» ұйымдастырған халықаралық пән олимпиадасында 2 орын, 2015 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының республикалық «Зерде» конкурсының қалалық кезеңінде 2 орын, 2016 жылы наурыз айында 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» ХІ республикалық конкурсында 1 орын жеңіп алды. 2016 жылы Республикалық ғылыми жоба конкурсындағы жетістігі үшін Бурабай курортында оранасқан «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығына жолдама берілді. 2018 жылы мектеп-лицейдің үлгілі оқушысы ретінде «Тәртіпті оқушы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 2018-2019 жылдары Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі «Имани жаз» жазғы сауат ашу курстарына қатысып, екі жыл қатарынан үздік сертификатқа ие болды. 2018 жылы сауат ашу курсы шәкірттерінің арасында өткен сурет байқауында 1 орын иеленді.
“Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен.” — Абай Кунанбайұлы
2019 жылы күзде конкурс арқылы Астана қаласы әкімдігінің №9 Зерде» мамандандырылған мектебінің 7-ші сыныбына оқуға қабылданды. Дарынды балаларға арналған мектептегі білікті ұстаздардың қолдауымен Әлихан қалалық республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында жиырмаға жуық мәрте жүлдегер атанды. Физика пәнінің мұғалімі Қайсенова Валя Иман-Мәлікқызы және информатика пәнінің мұғалімі Жұмағатова Гүлсара Ғабдуалиқызының жетекшілігімен физика және робототехника олимпиадаларында жеткен жетістігі үшін бір мәрте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтің «Алғыс хатымен», екі мәрте Астана қалысының әкімі Алтай Көлгіновтің «Алғыс хатымен» және қаржылай сертификаттармен, «Ashyq niet» тұңғыш Республикалық балалар форумында «Цифрландыру» секциясы бойынша «Роботталған жылуды өлшейтін есік жүйесі» жобасын қорғағаны үшін алғыс хатпен марапатталды. 2020-2021 және 2021-2022 оқу жылдарында республикалық деңгейде жеткен жетістіктері үшін «Зерде жұлдызы -2021» және «Зерде жұлдызы – 2022» атанды. 2020-2022 жылдар аралығында дарынды балаларға арналған бірнеше жазғы және қысқы олимпиадалық лагерлерге қатысып, білімін шыңдады. Сабақтан бос уақытында қосымша физика пәні бойынша «Квадрат» мектебінде, ағылшын тілі пәні бойынша «InterPress» орталығында білімін шыңдады.. «Қазақстан» спорт сарайындағы дзюдо күресінің секциясына және «Оқушылар сарайындағы» жүзу секциясына қатысты. Әлихан әкесімен бірге атқа мініп, балық аулауды, қысты күні отбасымен шаңғы және коньки тебуді ұнататын. Республикалық «Асық ату» федерациясы ұйымдастырған «Asyq Party» сайысында мергендігі үшін бірнеше рет жүлде алды. Әлемдік философияны, көркем әдебиетті, физика мен жоғары математиканы, химия мен биологияны, география мен астрономияны, қазақ және дүниежүзі тарихын сүйіп оқыды. Қазақ әдебиетінен Абай мен Мағжан Жұмабаевты, Бердібек Соқпақбаев пен Толымбек Әбдірайым, т.б., әлем әдебиетінен Э.Хемингуэй, Ф.Достоевский, Д.Лондон, А.Ремарк, т.б., философиядан Аристотель мен Ф.Ницшенің танымал еңбектерін оқыды. Көркем мінезді, адамгершілігі мол, достары мен ұстаздарының, туған-туыстары мен көрші-қолаңның арасында сыйлы бала болды. 2023 жылы 2 қаңтар күні таудан шаңғы теуіп жүріп оқыс жағдайда қайтыс болды.
1. 2020 жылы 29 ақпанда «RoboZerde-2020» қалалық фестивалінде «Инженерлік проект» категориясы бойынша 3 орын;
2. 2021 жылы 11 наурызда республикалық жасөспірімдер олимпиадасының қалалық кезеңінде 3 орын;
3. 2021 жылы 19 мамырда республикалық жасөспірімдер олимпиадасында 3 орын;
4. 2021 жылы 17-21 тамызда «Edlight Alexa-Arduino Smart Home Hackaton 2021» жарысында 2 орын
5. 2021 жыл 27-29 сәуірде онлайн мектепішілік «RoboZerde-2021» фестивалінде «Инженерлік проект» категориясы бойынша 2 орын;
6. 2021 жылы 27 қарашада Астана қалалық ғылыми жобалар конкурсында информатика секциясы бойынша 2 орын;
7. 2022 жылы «Ділда-шоу» физика-математикалық интеллектуалдық мектепішілік сайысында 1 орын;
8. 2022 жылы 24-30 наурыз аралығында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасы ІІІ (қалалық) кезеңінде физика пәні бойынша 2 орын;
9. 2022 жылғы 18-23 сәуір жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың физика пәні бойынша 3 орын;
10. 2022 жылғы 30 сәуір «WRO regional tournament» робототехника сайысының аймақтық кезеңінде 2 орын;
11. 2022 жылы 4 мамыр «Robotek Grand Tournament 2022» қатысқаны үшін арнайы сертификат;
12. 2022 жылғы 29-30 маусым «WRO» Ұлттық роботехника сайысына қатысқаны үшін сертификат;
13. 2022 жылы қазанда жалпы білім беретін пәндер бойынша мектепішілік олимпиадада физика пәні бойынша 1 орын;
14. 2022 жылы 15-16 қазанда мамандандырылған білім беру ұйымдарының 10- сыныптар арасында өткен «Қазақстан Білім Олимпиадасында» физика пәні бойынша ІІ дәрежелі диплом.
15. 2022 жылғы 4-5 қараша «Roboland 2022» халықаралық фестивалінің қатысушысы, сертификат.
16. 2022 жылы 10 қарашада «KazPoboProject 2022» робототехника саласындағы республикалық ғылыми-техникалық жобалар байқауында 16-21 жас аралығында КОНЦЕПТ санаты бойынша 3 орын.
17. 2022 жылы 10-18 желтоқсанда «Robotek Grand Tournament 2022» роботехника чемпионатының қалалық кезеңіне қатысушы, сертификат.